ҰТК халықаралық вебинарда Қазақстандағы алаяқтықпен күрес тәжірибесін таныстырды

Алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болады?

Бұл мәселенің Қазақстанда қалай шешіліп жатқаны туралы 19 қарашада БАӘ Орталық банкі ұйымдастырған «Building National Anti-Fraud Infrastructure: Lessons from Around the World» халықаралық вебинарында айтылды. Іс-шара Алаяқтық туралы хабардарлықты арттыру апталығы аясында өтті.

Онлайн-кездесуге Қазақстанмен қатар Үндістан Резервтік банкінің, CGAP және Малайзияның PayNet ұйымының өкілдері қатысты. Олар әр елдегі алаяқтыққа қарсы күрес тәжірибесін, қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу тетіктерін және ұлттық антифрод жүйелерін дамыту жолдарын талқылады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясының Басқарма төрағасының орынбасары Әсел Марченко Қазақстандағы Ұлттық Антифрод-орталықтың жұмысы мен оның нәтижелерін таныстырды.

Бүгінде орталық банктерді, төлем сервистерін, ұялы байланыс операторлары мен құқық қорғау органдарын қоса алғанда, 270-тен астам қатысушыны біріктіреді. Олар күдікті операциялар туралы деректермен тәулік бойы алмасып, алаяқтық әрекеттерді жедел анықтау және олардың салдарын азайту бағытында бірлесіп жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта жүйеде 226 мыңнан астам оқиға тіркелген. Қатысушылардың бірлескен жұмысының нәтижесінде шамамен 132 млрд теңге көлеміндегі шығынның алдын алуға мүмкіндік туды. Жалпы, Ұлттық Антифрод-орталықтың жұмысы нәтижесінде интернет-алаяқтық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 26,2%-ға төмендеді.

Вебинар барысында Қазақстан тәжірибесінің негізгі артықшылықтары да атап өтілді. Атап айтқанда, алаяқтық туралы деректерді жинау мен талдаудың бірыңғай жүйесі, сондай-ақ күдікті шоттарды бұғаттауға және зардап шеккен азаматтардың қаражатын қайтаруға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктер маңызды рөл атқарады.

Қазақстан тарапынан осындай жүйелерді енді қалыптастырып жатқан елдерге бірқатар ұсыным берілді. Ең алдымен, жүйенің қандай ұйымдар мен операцияларды қамтитынын алдын ала айқындау және технологиялық платформаны құқықтық негізбен қатар дамыту қажеттігі айтылды.

Сонымен бірге Қазақстанда ақша аударылғанға дейін алаяқтық белгілерін анықтауға мүмкіндік беретін жаңа құралдар әзірленіп жатыр. Бұл бағытта қаржы ұйымдарының, төлем жүйелері мен байланыс операторларының деректерін пайдалану жоспарланған.

Ұлттық Антифрод-орталық жұмысының келесі маңызды бағыты – трансшекаралық алаяқтық схемаларын анықтау мақсатында басқа елдермен деректер алмасуды жолға қою. Бұдан бөлек, орталық төлем саласындағы алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың қаржысын қорғауға бағытталған басқа да жобаларды дамытып жатыр.