«ҰТК» АҚ KazHackStan 2026 конференциясында цифрлық қатерлерден қорғау технологияларын таныстырды

Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы 29–30 қыркүйек күндері Астанада өткен KazHackStan 2026 халықаралық киберқауіпсіздік конференциясына қатысты. Конференция алаңында «ҰТК» АҚ қашықтан сәйкестендіру қауіпсіздігін арттыруға және пайдаланушыларды заманауи цифрлық қатерлерден қорғауға бағытталған технологиялар мен практикалық құралдарды таныстырды.

Корпорация экспозициясының негізгі бағыттарының бірі биометриялық шешімдерді сынақтан өткізу болды. Конференция қатысушылары Сәйкестендіру деректерін алмасу орталығының (СДАО) биометриялық аутентификация сервистерімен танысып, оларды СДАО платформасына қосу алдында қалай тестілеуден өткізілетінін көрді.

Мұндай тестілеу биометриялық алгоритмдердің сенімділігін және олардың тұлғаны алмастыру әрекеттеріне төзімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, стендте liveness-тексерулері кезінде биометриялық шешімдердің тұлғаны алмастыру әрекеттерін анықтау қабілетін тексеруге қолданылатын шынайы силиконнан жасалған маска көрсетілді.

Сонымен қатар цифрлық қатерлердің өзекті бағыттарының бірі – жасанды интеллект көмегімен жасалған синтетикалық фото және бейнематериалдарды пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға заманауи дипфейк жасау құралдарының мүмкіндіктері көрсетіліп, шынайы және жасанды жолмен жасалған кескіндердің қайсысы екенін анықтау, сондай-ақ екі фотосуреттің бір адамға тиесілі екенін белгілеу ұсынылды.

Бағдарламаның практикалық бөлігі «ҰТК: Сенім коды» интерактивті квесті аясында жалғасты. Квестке қатысушылар алаяқтық схемаларды тануды, қандай жеке және қаржылық деректерді үшінші тұлғаларға беруге болмайтынын анықтауды, сондай-ақ шынайы бейнематериалдарды дипфейктерден ажыратуды үйренді.

Екі күн ішінде «ҰТК» АҚ стендіне 500-ден астам адам келді. Интерактивті квестке 220 қатысушы тіркелді, олардың кейбірі тапсырмаларды бірнеше рет орындады. Қонақтардың ерекше қызығушылығын силикон маскасының көрсетілімі мен дипфейктерді анықтауға арналған тапсырмалар тудырды.

«ҰТК» АҚ стендіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіби және сарапшылық қауымдастық мүшелері, технологиялық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ студенттер мен конференция қонақтары келді.

Интерактивті формат биометриялық қауіпсіздік және цифрлық қатерлерден қорғау саласындағы заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік берді. Кескіндер мен бейнематериалдар генерациялау құралдарының дамуына байланысты биометриялық аутентификацияның сенімділігі және оның тұлғаны алмастыру әрекеттеріне төзімділігі ерекше маңызға ие болып отыр.

KazHackStan 2026 конференциясына қатысу «ҰТК» АҚ-ға қауіпсіз қашықтан сәйкестендіру тәсілдерін кең аудиторияға таныстыруға және заманауи технологиялардың цифрлық қаржы сервистерін пайдаланушыларды қалай қорғайтынын көрсетуге жол ашты.