Дропперлік желілер, фишинг және дипфейктер: Ұлттық Антифрод-орталық студенттердің алаяқтыққа қарсы жобаларын бағалады

Республикалық байқауда жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, финтех және қаржы саласындағы цифрлық шешімдерге арналған жобалар ұсынылды

Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде Қазақстан Республикасының банктер қауымдастығы ұйымдастырған студенттік жобалар мен зерттеулердің екінші республикалық байқауының финалы өтті. Байқау жеңімпаздары алдағы уақытта жетекші қаржы ұйымдарында тағылымдамадан өту немесе жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуы мүмкін.

Финалға еліміздің 36 жоғары оқу орнынан 36 жоба өтті. Қатысушылар алаяқтық жолмен алынған ақшаны шығаруға пайдаланылатын шоттар желісін анықтау, банк клиенттерін фишингтен қорғау және телефон алаяқтығының белгілерін тану жолдарын ұсынды.

Мысалы, Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері дропперлік желілерді анықтауға арналған AstraNet AntiFraud банкаралық платформасының жобасын таныстырды. ХАТУ командасы күдікті операцияларды анықтау үшін ақша аударымдары мен шоттар арасындағы байланыстарды талдайтын жүйе ұсынды. Ал Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «ШЕКАРА» жобасының авторлары банктер арасында клиенттердің деректерімен алмаспай-ақ дропперлік желілерді анықтау тәсілін ұсынды.

Басқа қатысушылар ақша аударылғанға дейін алаяқтық әрекеттерді анықтау мәселесіне назар аударды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ командасы банк клиенттерін фишингтен және алаяқтар адамдарды жеке деректерін жариялауға немесе ақша аударуға алдап көндіретін өзге де тәсілдерден қорғау жүйесін таныстырды. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері телефон алаяқтығының белгілерін анықтау үшін пайдаланушының құрылғысында сөйлеу тілі мен хабарламаларды талдауды ұсынды. Семейдегі Alikhan Bokeikhan University студенттері өз жұмысын жасанды интеллект пен дипфейктер қолданылатын банк алаяқтығына қарсы күреске арнады.

Финал бағдарламасына күнделікті қаржылық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар да енді. Мысалы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері көру қабілеті жоқ адамдарға арналған байланыссыз төлем жасау тұжырымдамасын таныстырса, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің қатысушылары отбасылық бюджетті басқаруға арналған банк сервисін ұсынды.

Жобаларды Қазақстан Ұлттық Банкі, екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан қор биржасы (KASE), Mastercard және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері бағалады. Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы атынан қазылар алқасының құрамына Ұлттық Антифрод-орталығының жетекшісі Айнура Измайлова қатысты.

«Ұсынылған жұмыстардың арасында банктерге пайдалы болуы мүмкін жобалар бар. Мысалы, студенттер дропперлік желілерді анықтаудың бірнеше тәсілін ұсынды. Ұлттық Антифрод-орталығы үшін мұндай әзірлемелермен танысу және олардың авторларын қолдау маңызды», – деп атап өтті А.Измайлова.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері Амир Қанатұлы мен Дархан Қайратұлы иеленді. Олардың QoL AI жобасы жасанды интеллект негізінде ым тілін тану және оның мағынасын түсіндіру жүйесін әзірлеуге бағытталған.

Екінші орын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің түлектері Нұрбол Айдар мен Бексұлтан Жарылқапқа бұйырды. Олардың Traceon жобасы машиналық оқыту арқылы криптовалюталық аударымдардағы ақшаны жылыстату тәуекелін бағалауға арналған.

Үшінші орынды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері Дидар Әндір мен Ардах Амиш иеленді. Олар банк клиенттерін онлайн-алаяқтықтан, фишингтен және әлеуметтік инженерия тәсілдерінен қорғауға арналған Dabyl.kz жүйесін ұсынды.

Сонымен қатар ҰТК ерекше назар аударған жобаларды бөлек атап өтіп, олардың авторларын тағылымдамадан өтуге шақырды. Олардың қатарында AstraNet AntiFraud жобасын ұсынған Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері Әділет Тұрлыбек пен София Марал, AI Location Scout жобасының авторлары – Павлодардағы Торайғыров университетінің студенттері Алия Тутенова мен Ксения Ефименко, сондай-ақ Risk Engine жобасын әзірлеген Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Саян Хасенов бар.