Қазақстанның Ұлттық Антифрод-орталығы азаматтарға арналған ақпараттық сайтты іске қосты

antifraud.kz сайтында алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы біліп, олардан қорғану жөнінде ұсынымдар алуға және Ұлттық Антифрод-орталықтың ақпараттық жүйелеріндегі өзіңіз туралы бар мәліметтерді тексеруге болады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы Ұлттық Антифрод-орталығының ақпараттық сайтын – antifraud.kz іске қосты. Оның мақсаты – цифрлық ортада қаржылық қауіпсіздікті арттыру және азаматтарды алаяқтықтан қорғау тәсілдері туралы хабардар ету.

«Алаяқтар алдау схемаларын үнемі өзгертіп отырады, сондықтан адамдарға олардың айла-тәсілдерін уақтылы тану оңай емес. Сол себепті әркімнің өзін және ақшасын қалай қорғау керектігі туралы түсінікті әрі сенімді ақпаратқа қолжетімділігі болуы маңызды. Адам алаяқтық схемалар туралы неғұрлым көп білсе, соғұрлым алдану қаупі аз болады», – деп атап өтті Ұлттық төлем корпорациясы Басқармасының Төрағасы Жанар Самаева.

Сайтта алаяқтықтың ең көп таралған және жаңа схемалары, оларды тану тәсілдері мен сақтық шаралары туралы ақпарат жинақталған. Пайдаланушылар алаяқтардың құрбаны болған жағдайда қалай әрекет ету керектігін, көмек алу үшін қайда жүгіну қажеттігін және қандай шараларды қабылдау керектігін біле алады.

Кеңес алу үшін сайтта «Фродди» ЖИ-агенті қолжетімді. Ол алаяқтық пен цифрлық қауіпсіздік туралы сұрақтарға жауап беріп, күмәнді жағдайлар туындаған кезде одан әрі қалай әрекет ету керектігін түсінуге көмектеседі.

Сайттың тағы бір функциясы – Антифрод-орталықтың ақпараттық жүйелерінде өзіңіз туралы мәліметтердің бар-жоғын тексеру мүмкіндігі. Ол үшін биометриялық сәйкестендіруден өту қажет. Тексеру 24 сағат ішінде бір рет қолжетімді. Егер пайдаланушы туралы мәліметтер табылса, сайттан одан әрі іс-қимыл тәртібін білуге болады.

Сонымен қатар, ресурста оқу материалдары, жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар, мемлекеттік және салалық сервистерге пайдалы сілтемелер орналастырылған. Олардың көмегімен ұйымдар мен интернет-ресурстар туралы ақпаратты тексеруге, кредиттік тарих туралы мәліметтер алуға және төлемдер мен аударымдарды қауіпсіз жүзеге асыру жөніндегі кеңестермен танысуға болады.

Сайт жаңа материалдармен және алаяқтықтың өзекті тәсілдері туралы ақпаратпен толықтырылып отырады.

Анықтама: бүгінгі таңда Ұлттық Антифрод-орталыққа 260-тан астам қатысушы қосылған, ал тіркелген инциденттер саны 200 мыңнан асты. Қаржы нарығына қатысушылардың Ұлттық Антифрод-орталық сервистерін пайдалана отырып жүзеге асырған шаралары нәтижесінде 2026 жылғы 1 қазандағы деректер бойынша 126,7 млрд теңге сомасындағы залалдың алды алынды.