Алаяқтардан бір қадам алда: Қазақстанда Antifraud Awards 2026 марапаты табысталды

Антифрод-орталығының жұмысы арқылы 127 миллиард теңге көлеміндегі алаяқтық әрекеттердің жолы кесілді

Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit 2026 аясында National Antifraud Awards 2026 марапаттау рәсімі өтті. Шарада еліміздегі қаржылық қауіпсіздікті нығайтуға және алаяқтыққа қарсы күреске айтарлықтай үлес қосқан қаржы ұйымдары мен полиция бөлімшелері арнайы марапатталды.

Марапаттар ұрланған қаражатты қайтару көрсеткіштері, банктер мен құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы, қаржылық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ Ұлттық антифрод-орталығының қызметін жетілдіруге қосқан үлесі үшін табысталды.

Басты номинациялардың бірі — «Жыл қайтарымы» алаяқтық құрбаны болған азаматтардың қаражатын қайтаруда озық нәтиже көрсеткен құқық қорғау органдарына берілді. Бұл санатта Жетісу, Түркістан және Қызылорда облыстарының полиция департаменттері финалист атанса, Түркістан облысының Полиция департаменті үздік деп танылды.

Құқық қорғау органдары арасындағы «Сенімді серіктес» номинациясы алаяқтық оқиғаларын тексеру кезінде қаржы нарығына қатысушылармен ең тиімді әріптестік орнатқан бөлімшелерге берілді. Бұл санатта Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысының полиция департаменттері финалист атанып, Астана қаласының Полиция департаменті жеңімпаз атанды.

Алматы қаласының Полиция департаменті «Қаржылық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатына ие болды. Бұл номинация азаматтардың қаржылық алаяқтық пен цифрлық қауіпсіздік туралы хабардарлығын арттыру бағытындағы жұмыстарды бағалайды. 2025 жылы Антифрод-орталық банктермен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп студенттерге арналған «Цифрлық ортадағы қаржылық қауіпсіздік» атты оқыту семинарларын өткізген болатын. Бұл номинацияның финалистері қатарында Астана қаласы мен Қарағанды облысының полиция департаменттері де болды.

Antifraud Awards марапатының арнайы бөлімі күдікті операцияларды анықтауға, алаяқтықтың алдын алуға және зардап шеккендерге қаражатты қайтаруға күн сайын атсалысып жүрген қаржы ұйымдарына арналды.

Freedom Bank қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және антифрод өзара іс-қимылын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін  «Жылдың Антифрод-серіктесі» атағын иеленді. Бұл номинацияда сондай-ақ Kaspi Bank пен Home Credit Bank үздік үштікке еніп, финалист атанды.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің бағалауы бойынша, Kaspi Bank өзара іс-қимылдың тиімділігі, ашықтығы және серіктестіктің жоғары деңгейі үшін «Сенімді серіктес» деп танылды. Бұл санатта Freedom Bank пен Home Credit Bank те финалистер қатарынан көрінді.

Қаржы институттары арасында «Қаржылық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатын Halyk Bank иеленді. Банк құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, студенттермен ауқымды білім беру жұмысына қатысты: бұл бастамаға банктің филиалдар желісі тартылып, соның арқасында мыңдаған жастар қаржылық қауіпсіздік бойынша оқудан өтті. Осы номинациядағы жеңімпаз атағы үшін Bereke Bank пен Freedom Bank та бәсекелесті.

«Антифрод-орталығын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы марапаттарымен WhyHappen, Еуразиялық банк, Bereke Bank және Freedom Bank марапатталды. Аталған ұйымдар алаяқтықты анықтау мен оның алдын алудың жаңа тетіктерін жетілдіруге бағытталған «Сессиялық антифрод» пилоттық жобасына қатысты.

«Қаржылық алаяқтыққа қарсы тиімді күрес жүйелі тәсілді, атап айтқанда ортақ инфрақұрылымды, деректермен жедел алмасуды және барлық тараптың үйлесімді әрекетін талап етеді. Екі жыл ішінде Ұлттық Антифрод-орталығы 270-тен астам ұйымды біріктіріп, осындай өзара іс-қимыл алаңына айналды. Алдағы міндет – тәуекелдерді ерте сатыда анықтап, азаматтарға материалдық залал келтірілмей тұрып алаяқтық операциялардың жолын кесетін құралдарды дамыту. Antifraud Awards марапаты осы іске сүбелі үлес қосып жүргендердің еңбегін айшықтайды», – деді Ұлттық төлем корпорациясының Басқарма төрайымы Жанар Самаева.

Ұлттық Антифрод-орталығы 2024 жылы Ұлттық төлем корпорациясының жанынан құрылып, бірыңғай цифрлық алаңға банктерді, төлем және микроқаржы ұйымдарын, мемлекеттік органдарды, құқық қорғау құрылымдары мен байланыс операторларын тоғыстырды. Платформа қатысушылары күдікті операциялар туралы деректермен онлайн режимде алмасып, азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауына дер кезінде тосқауыл қояды. Бүгінгі таңда жүйеге 270-тен астам ұйым мүше. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Антифрод-орталығының үйлесімді жұмысының арқасында 127 миллиард теңге көлеміндегі алаяқтық әрекеттердің жолы кесілді.

Анықтама:

Central Asia Fintech Summit (CAFS) 2026 – Орталық Азияның қаржы және технология секторларын біріктіретін, аймақтағы ең ауқымды әрі маңызды іс-шаралардың бірі. Шара цифрлық экономика мен қаржы нарығының болашағын талқылау үшін банк саласының топ-менеджерлерін, мемлекеттік сектор мен финтех-компаниялардың өкілдерін бір алаңға біріктіреді. Іс-шараны ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Ұлттық төлем корпорациясы, Kazakhstan Fintech Network, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.