Цифрлық теңге: енгізу нәтижелері

Ұлттық төлем корпорациясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2025 жылғы «Цифрлық теңге» жобасын дамыту туралы қорытынды баяндамасын жариялады. Құжат тұғырнаманы тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану кезеңінің қорытындысын шығарады және ұлттық цифрлық валютаны өнеркәсіптік пайдалануға көшуге негіз болған негізгі жетістіктерді тіркейді.

2025 жыл ішінде жобаның негізгі фокусы цифрлық теңгені пайдаланудың практикалық сценарийлерін кеңейтуге және платформаны қолданыстағы қаржы және мемлекеттік инфрақұрылымға ықпалдастыруға бағытталды. Пилоттық жобалар нақты экономикалық процестерде бағдарламаланатын төлемдердің жұмысын тексеруге және платформаның технологиялық тұрақтылығын растауға мүмкіндік берді.

Негізгі бағыттардың бірі мемлекеттің қатысуымен жүргізілетін төлемдерде цифрлық теңгенің қолданылуы болды. Барлығы цифрлық теңгенің пилоттық жобалары шеңберінде 2025 жылдың соңына қарай қолданудың сегіз сценарийі іске асырылды. Платформа инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды, мемлекеттік сатып алуды іске асыруды, кәсіпкерлікті қолдауды және басқа да бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды қоса алғанда, түрлі сценарийлерде бюджет қаражатын мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету үшін пайдаланылды. Бағдарламаланатын тетіктерді қолдану қаражат қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етуге және бюджет шығыстарын басқаруды арттыруға мүмкіндік берді.

Пайдалану аясында платформада 336,6 млрд цифрлық теңге шығарылып, мыңнан астам транзакция жүргізілді. Алынған нәтижелер платформаның технологиялық және операциялық өміршеңдігін және оның кеңейтуге дайындығын растады.

2025 жылы да «Цифрлық ҚҚС» сценарийін дамыту жалғасты. Осы жоба шеңберінде қосылған құн салығының сомасы төлем жүргізу кезінде автоматты түрде таңбаланады және жеткізу тізбегі бойынша кейінгі есеп айырысулар үшін немесе салықты мемлекетке аудару үшін ғана пайдаланылуы мүмкін. Шешімнің архитектурасы төлемдерді электрондық шот-фактуралармен байланыстыруға және операциялардың толассыз цифрлық ізін қалыптастыруға мүмкіндік береді, бұл салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттырады және ҚҚС қайтаруды жеделдетеді.

Бағдарламаланатын төлемдер тетігін дамыту жылдың маңызды нәтижесі болды. Пилоттық жобалар шеңберінде платформаның екі базалық құралы — қаражатты «таңбалау» және төлемдерді «холдирлеу» сынақтан өткізілді. Біріншісі қаражатты пайдалану шарттарын белгілеуге және олардың жеткізушілер тізбегі бойынша қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, екіншісі — расталған оқиғалар басталған кезде, мысалы мәмілені тіркегеннен немесе шарт талаптарын орындағаннан кейін төлемдерді автоматты түрде орындауға мүмкіндік береді.

2025 жылы жұмыстың жеке бағыты орталық банктердің цифрлық валюталарын пайдалана отырып, трансшекаралық төлемдер мүмкіндіктерін зерттеумен байланысты болды. Халықаралық есеп айырысуларды жеделдету үшін цифрлық валюталарды қолдану әлеуетін растайтын әртүрлі юрисдикциядағы платформалардың өзара іс-қимыл сценарийлеріне алдын ала зерттеулер мен технологиялық тесттер жүргізілді.

Жүргізілген жұмыстар цифрлық теңге платформасын дамудың келесі кезеңіне — өнеркәсіптік пайдалануға көшуге дайындауға мүмкіндік берді. Пилоттық жобалардың тәжірибесі ұлттық цифрлық валюта бюджеттік процестерде, салықтық әкімшілендіруде және төлемдердің жоғары ашықтығы мен автоматтандырылуы талап етілетін басқа да салаларда тиімді қолданыла алатынын көрсетті.

Жарияланған баяндама осы кезеңнің нәтижелерін тіркейді және қолданыстағы сценарийлерді кеңейтуді, бағдарламаланатын ақша базасында жаңа сервистерді дамытуды және қаржы нарығының қатысушыларымен өзара іс-қимылды кеңейтуді қоса алғанда, цифрлық теңгенің экожүйесін одан әрі дамыту бағыттарын айқындайды.

 

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:

+7 (775) 84-66-814

Akmayev.D@npck.kz