Сенім дәуірі және жаңа архитектура: Алматыда Central Asia Fintech Summit 2026 өтті

Алматыдағы «Целинный» заманауи мәдениет орталығында үшінші жыл сайынғы Central Asia Fintech Summit (CAFS) 2026 өтті. Биылғы саммит «Сенім дәуірі: келесі онжылдықта қаржы нарығы қандай болады?» тақырыбымен өтіп, қаржы және технологиялық компаниялардың, реттеушілердің, мемлекеттік органдардың және сарапшылар қауымдастығының 4 000-нан астам өкілін біріктірді. Іс-шараға 15-тен астам елден сарапшылар қатысты

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов саммитті ұйымдастырушы – ҚР Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясын 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның қолма-қол ақшасыз экономиканы, төлем суверенитетін және елдің қаржы саласын дамытуға қосқан айрықша үлесін атап өтті.

Өз сөзінде Тимур Сүлейменов Қазақстанның қаржы нарығын дамытудың келесі кезеңін белгіледі.

«Цифрлық технологиялар қаржы нарығының құрылымын түбегейлі өзгерту үстінде: жаңа қатысушылар, инвестициялау құралдары мен есеп айырысу тәсілдері пайда болып жатыр. Сонымен қатар реттеушінің рөлі де өзгеріп келеді – бізден алдын ала әрекет етуді, инновациялар мен бәсекелестікке жағдай жасауды, сонымен бірге қаржы жүйесінің сенімділігі мен оған деген сенімді қамтамасыз етуді талап етеді», – деді ол.

Басты тезистердің қатарында Қазақстанда базалық цифрлық инфрақұрылым мен қажетті реттеу базасы қалыптасып болғаны атап өтілді. Ендігі кезек – осы мүмкіндіктерді нақты өнімдер, серіктестіктер мен жаңа бизнес-модельдер жасау үшін іс жүзінде қолдану.

Жаңа архитектура және нарықты кеңейту

CAFS 2026 басты тақырыптарының бірі Қазақстанның төлем нарығының жаңа архитектурасы болды. 2026 жылғы қазан айынан бастап реттелетін қатысушылардың жаңа түрі – бірінші санаттағы төлем ұйымдары туралы нормалар күшіне енеді. Олар Ұлттық банктің лицензиясы негізінде жұмыс істейді және төлем қызметтерін банктік операциялардың жекелеген түрлерімен ұштастыра алады.

Жаңа қатысушылардың келуі бәсекелестікті күшейтуге, транзакциялық шығындарды төмендетуге және жаңа қаржы өнімдерінің пайда болуына жағдай жасауға тиіс. Жаңа институтқа нарық қатысушылары, соның ішінде жаһандық ойыншылар тарапынан да қызығушылық артып отыр.

Цифрлық қаржы инфрақұрылымы іс жүзінде

Бүгінгі таңда Қазақстанда банкаралық төлемдерді, цифрлық теңгені, биометрияны және азаматтар мен бизнесті қаржылық алаяқтықтан қорғау құралдарын біріктіретін Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі компоненттері жұмыс істеп тұр.

2026 жылдың басты нәтижелерінің бірі – Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің іске қосылуы. Ол іске қосылған сәттен бастап 19 шілдеден бері телефон нөмірі бойынша аударымдар мен Бірыңғай QR арқылы шамамен 400 млрд теңге сомасына 20 млн-нан астам транзакция жүргізілді.

Мемлекеттік қаржының цифрлық экосистемасына кезең-кезеңімен біріктіріліп жатқан цифрлық теңгені дамыту жалғасуда. 2026–2027 жылдары цифрлық теңге айналымы 2 трлн теңге деңгейінде болады деп күтілуде.

Цифрлық активтер нарығы да дамудың тағы бір бағытына айналды. Бүгінгі таңда реттеушілік құмсалғышта токенизация, стейблкоиндер, криптоплатеждер және кастодиальды сервистер саласындағы шешімдерді қоса алғанда, 34 жоба жүзеге асырылуда. Ұлттық крипторезервке $700 млн бөлінді. Алатау әкімдігімен бірлесіп, цифрлық активтер, төлемдер және токенизацияланған экономика саласындағы жобалар үшін икемді реттеушісі бар Crypto City іске қосуға дайындық жүріп жатыр.

Саммитте жасанды интеллектке (ЖИ) және оны қаржы жүйесінде практикалық қолдануға айрықша назар аударылды. ЖИ негізіндегі шешімдер қазірдің өзінде антифродта, валюталық бақылауда және қаржылық мониторингте қолданылуда. Атап айтқанда, Ұлттық Антифрод-орталығының ЖИ-аналитигі алаяқтық схемаларды тергеуді 80 есеге дейін жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Қауіпсіздік – сенім негізі

Бағдарламаның маңызды әрі жарқын оқиғаларының бірі қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдарының қаржылық алаяқтыққа қарсы күрестегі бірлескен жетістіктеріне арналған National Antifraud Awards 2026 марапаттау рәсімі болды.

Бүгінгі таңда Ұлттық Антифрод-орталығы 270-тен астам қатысушының басын біріктіріп отыр. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша орталықтың жүйелі жұмысының арқасында жалпы сомасы 127 млрд теңге болатын алаяқтық операциялардың жолы уақтылы кесілді.

Салтанатты шара барысында ұрланған қаражатты қайтару, алаяқтыққа қарсы күресте тиімді өзара іс-қимыл орнату, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және Ұлттық Антифрод-орталығының жұмысын жетілдіру бағыттарында жоғары нәтиже көрсеткен қаржы ұйымдары мен полиция бөлімшелері арнайы марапаттарға ие болды

Жаңа серіктестіктер

Central Asia Fintech Summit 2026 аясында пікірталастар мен талқылаулардың нақты практикалық жалғасы нарық қатысушылары арасындағы маңызды жаңа уағдаластықтарға ұласты. Атап айтқанда, саммит барысында Қазақстанның қаржы және технологиялық нарықтарындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және перспективалы жаңа жобаларды жан-жақты пысықтауға бағытталған Ұлттық банк пен Tether, сондай-ақ VEON компаниялары арасында тиісті меморандумдарға қол қойылды.

Бұдан бөлек, өңіраралық трансшекаралық төлем сервистерін сапалы дамыту жөніндегі жеке стратегиялық келісімге ҚР Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы мен Өзбекстан Республикасының «Ұлттық межбанктік процессингтік орталығы» АҚ (HUMO төлем жүйесінің операторы) ресми түрде қол қойды.

Жасалған келісімдер аясында тараптар ұлттық QR-кодтардың өзара эквайрингін жолға қоюды және азаматтарға банктердің бұрыннан үйреншікті мобильді қосымшалары арқылы екі ел арасында оңай трансшекаралық аударымдар жасауға мүмкіндік беруді жоспарлап отыр.

«Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Жанар Самаева атап өткендей, серіктестіктің негізгі мақсаты – төлем сервистері пайдаланушылар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі ұлттық инфрақұрылымдар деңгейінде өзара үйлесімді болатын технологиялық жағдай қалыптастыру.

Өз кезегінде HUMO Басқарма төрағасы Александр Сотников бұл жобаның өңірдегі трансшекаралық төлем шешімдерін дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Инфрақұрылымнан жаңа өнімдерге қарай

CAFS 2026 маңызды бөлігі жаңа технологиялық шешімдерді қолдау болды. Саммитте банктер, венчурлік қорлар мен технологиялық компаниялар өкілдері жобаларын бағалаған финтех-стартаптардың Fintech Stars Battle питч-сессиясының қорытындылары шығарылды.

Fintech Stars Battle 2026 жеңімпазы қауіпсіз онлайн-мәмілелерге арналған цифрлық платформа – SHART RATE жобасы атанды. Жоба White Hill Capital компаниясынан SAFE шарты бойынша $100 000-ға дейін инвестиция тарту мүмкіндігіне ие болды.

CAFS 2026 барысында белгіленген тағы бір стратегиялық бағыт – Қазақстанның қаржы индустриясының экспортын дамыту. Бұл отандық компаниялардың сыртқы нарықтарға шығуына да, халықаралық клиенттермен жұмыс істеу үшін қазақстандық юрисдикция мен инфрақұрылымды пайдалана алатын жаһандық ойыншыларды тартуға да қатысты.

Central Asia Fintech Summit 2026 саммиті Қазақстанның қаржы нарығы жаңа сапалы белеске көтерілгенін айқын көрсетті. Елде қажетті реттеуші орта мен базалық цифрлық инфрақұрылым толық орнықты. Ендігі басты басымдық – осы әлеуетті нақты іске асырып, жаңа ойыншылар мен өнімдердің пайда болуына, озық технологиялардың, халықаралық серіктестік пен жаңа бизнес-модельдердің қарқынды дамуына жол ашу.