«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» акционерлік қоғамы UnionPay International-мен QR-кодтар бойынша трансшекаралық төлемдерді дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

 

Шанхай, Қытай Халық Республикасы

18 маусым 2026 ж.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ («ҰТК» АҚ) – Қазақстанның төлем жүйелері мен цифрлық қаржылық инфрақұрылымының ұлттық операторы – UnionPay өнімдері мен қызметтерін халықаралық деңгейде дамыту бойынша China UnionPay компаниясының жаһандық бөлімшесі UnionPay International (UPI) ұйымымен Өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қойылғанын жариялады.

Келісім Қазақстанның төлем жүйесін UnionPay-дің жаһандық желісімен ықпалдастыру арқылы QR-кодтар негізіндегі ыңғайлы трансшекаралық жедел төлемдерді дамытуға бағытталған. Бұл Қазақстан мен Қытай арасында, сондай-ақ UnionPay сервистері жұмыс істейтін басқа нарықтарда саяхатшыларға, бизнеске және тұтынушыларға жылдам, қауіпсіз әрі тиімді QR-төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Меморандум аясында тараптар 2025 жылдың соңында іске қосылған «ҰТК» АҚ Банкаралық жедел төлемдер жүйесінің QR-төлем сервисімен UnionPay QR Code Payment шешімдерін интеграциялау бойынша бірлесіп жұмыс жүргізеді. Пайдаланушылар UPI сервистеріне қосылған банктердің мобильді қосымшалары арқылы Қазақстандағы миллиондаған сауда нүктелерінде тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады. Осылайша, Қытайдан және басқа елдерден келген UnionPay пайдаланушылары Қазақстандағы кең ауқымды сауда және қызмет көрсету желісінде – бөлшек саудадан бастап HoReCa, туризм және сервистік қызметтерге дейін – QR арқылы төлем жасау мүмкіндігіне ие болады.

Бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, туризм мен сауданың дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, төлемдерді жеңілдетіп, Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлерге қытайлық туристер мен бизнестің көбірек келуіне жағдай жасайды.

Құжатқа «ҰТК» АҚ Басқарма Төрағасы Жанар Самаева және UnionPay International компаниясының Бас атқарушы директоры (CEO) Ван Лисинь (Wang Lixin) қол қойды. Тараптар қол жеткізілген келісімдерді толық сақтауға бейілді екендерін растады және қаржы мен төлем жүйелерінің өзара іс-қимылы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдірді. Олар бұл серіктестік инфрақұрылымды кеңейтуге мол мүмкіндік беріп, трансшекаралық төлемдерді бұрынғыдан да қолжетімді ететінін атап өтті.

Техникалық интеграция, пилоттық жобалар және іске қосу мерзімдері туралы қосымша ақпарат жобаларды жүзеге асыру барысында жарияланатын болады.

«ҰТК» АҚ туралы:Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарамағындағы төлем инфрақұрылымының ұлттық операторы.

UnionPay International туралы: UnionPay карталарын және цифрлық төлемдерін (QR және QuickPass қоса алғанда) 180+ елдер мен өңірлерде ілгерілететін China UnionPay еншілес компаниясы.

 

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады

+7 (775) 9993788 Malikova.A@npck.kz (Алия Маликова).