Қазақстан кибер алаяқтықпен жүйелі күресті күшейтуде. Антифрод форумында не талқыладық?

Қазақстанда кибералаяқтық жекелеген оқыс оқиғалар шеңберінен шығып, азаматтардың қаржылық және жеке қауіпсіздігіне жүйелі қауіпке айналды. Мұндай қорытындыға мемлекеттік органдар, қаржы секторы, құқық қорғау құрылымдары, IT-индустрия және халықаралық ұйымдар өкілдерін біріктірген «Қазақстанның киберқаржылық қалқаны» антифрод-форумының қатысушылары келді.

Форумға қатысушылардың деректеріне сәйкес, 2025 жылы 26,3 мың интернет-алаяқтық фактісі тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 86,1%-ға артық. Бұл ретте алаяқтық схемалар барған сайын ұйымдасқан әрі трансұлттық сипат алып келеді.

Елімізде кибералаяқтыққа қарсы іс-қимылдың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасты, оның негізгі элементі – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Ұлттық төлем корпорациясының Антифрод-орталығы.

Антифрод-орталық өңір үшін бірегей құралға айналды. Оның тиімділігі «бір бөлме» қағидатына негізделген: банктер, байланыс операторлары және құқық қорғау органдары бірыңғай контурда жұмыс істейді. Бұл формат тек жекелеген операцияларды тоқтатуға ғана емес, 2025 жыл қорытындысы бойынша алаяқтық типологияларын жүйелеуге, орташа чек деңгейін анықтауға, тізбектердегі әлсіз тұстарды айқындауға және одан әрі даму бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, операциялар қаражат есептен шығарылғанға дейін тоқтатылған алдын алынған жағдайлар көбіне жария кеңістікте көрінбейді, ал қоғам назары негізінен залал келтірілген оқиғаларға шоғырланады. Бұл кибералаяқтықпен күрестің тиімділігіне қатысты қабылдауда белгілі бір алшақтық қалыптастырады.

Форумның негізгі екпіні ден қою моделінен проактивті қорғауға көшу болды. Қатысушылар цифрлық нарық қатысушылары арасында антифрод жүйелерін кеңінен енгізу, Антифрод-орталыққа қатысушылар шеңберін ұлғайту және антифрод ережелерін күшейту үшін деректер алмасуды дамыту қажеттігін атап өтті.

Осы тәсілдерді дамыту аясында Антифрод-орталықты кезең-кезеңімен жетілдіру жоспарланған. Бұл қылмыстық қудалау органдарының жұмысын оңтайландыру үшін жасанды интеллект агенттерін енгізуді, төлем жүйелері деңгейінде транзакциялық антифродты екінші қорғаныс желісі ретінде іске қосуды, цифрлық нарық қатысушыларын (цифрлық активтер провайдерлері мен маркетплейстерді) қосу, сондай-ақ көршілес мемлекеттердің антифрод-орталықтарымен өзара іс-қимылды дамыту шараларын қамтиды.

«Бүгінгі басты міндет – кибералаяқтықпен күресті операция жасалғанға дейінгі кезеңге көшіру. Біз банктер, телеком-операторлар және құқық қорғау органдары бірыңғай контур ретінде жұмыс істейтін, ал шешімдер нақты уақытқа жақын режимде қабылданатын жүйені қалыптастырып жатырмыз. Предиктивті модельге көшу алаяқтықты факт емес, әрекет деңгейінде тоқтатуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР ҰБ ҰТК Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл департаментінің директоры Айнура Измайлова.

Форумның негізгі қорытындысы – кибералаяқтыққа қарсы тиімді күрес тек мемлекет, қаржы секторы, телеком-операторлар және қоғам арасындағы толық үйлесім жағдайында ғана мүмкін. Бұл жүйеде ҰТК Антифрод-орталығы нақты уақыт режимінде деректер алмасуды және жедел әрекет етуді қамтамасыз ететін интегратор ретінде әрекет етеді.

Қатысушылар кибералаяқтыққа қатысты кең тараған мифтерді де талқылады. Ұсынылған деректер қаржы ұйымдарының миллиардтаған теңге көлеміндегі залалды алдын алып отырғанын, құқық қорғау органдарының нәтижелілігі артып келе жатқанын, ал дропперлік үшін жауапкершіліктің енгізілуі жаңа құқық қолдану тәжірибесін қалыптастырып жатқанын көрсетті. Сонымен қатар, киберқылмыс барған сайын ұйымдасқан трансұлттық сипатқа ие болуда.

Азаматтардың рөліне ерекше назар аударылды: алаяқтық схемаларды тани алатын қазақстандықтардың үлесі 62,9%-ға жетті. Жүйенің тұрақтылығы халықтың цифрлық сауаттылығы мен киберқауіпсіздік мәдениетіне тікелей байланысты.

Форум қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға, Ұлттық банкке, қаржы институттарына және халықаралық ұйымдарға жолданатын қарар қабылданды. Құжат кибералаяқтықпен күресті ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыты ретінде айқындап, азаматтар мен экономиканы қорғауды күшейту жөніндегі нақты шараларды белгілейді.

 

 

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады

+7 (775) 84-66-814

Akmayev.D@npck.kz