Цифрлық теңге

2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын жүзеге асырды.

 

Пилоттық жобаның 2021 жылғы негізгі кезеңдері

 

  1. Мамыр айында қоғамдық талқылауларға арналған консультативтік баяндама жарияланды.
  2. Мамыр-желтоқсан аралығында нарық қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен, мемлекеттік органдармен, сондай-ақ халықаралық серіктестермен мамандандырылған кездесулер, талқылаулар сериясы өткізілді.
  3. Маусым айында цифрлық теңгенің техникалық мүмкіндігін бағалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды, оның аясында платформа прототипі жүзеге асырылды, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер мен сыртқы қатысушыларды қосу арқылы бірқатар сценарий сынақтан өткізілді.
  4. Қыркүйек айында жаңа төлем құралдарын әзірлеудегі басымдықтар мен қажеттіліктерді нақтылау мақсатында нарыққа қатысушылармен сауалнама, сұхбаттар жүргізілді.
  5. Қараша айында Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресі аясында пилоттық жобаның алдын ала нәтижелері ұсынылды.
  6. Желтоқсан айында пилоттық жобаның нәтижелері туралы есеп әзірленді.

 

2021 жылға арналған пилоттық жобаның негізгі мақсаты – цифрлық теңге тұжырымдамасының өміршеңдігін үлестірілген тізілім технологиясы негізінде бөлшек платформаның технологиялық іске асырылуын эксперименттік растау арқылы тексеру, сондай-ақ Қазақстан үшін ОБЦВ моделінің негізгі параметрлерін барлық мүдделі тараптармен бірлесіп айқындау болды.

Пилоттық жоба аясында – шығару мен таратудан бастап цифрлық теңгені пайдалана отырып сатып алулар мен аударымдарға дейін цифрлық теңгенің өмірлік циклінің негізгі сценарийлері жүзеге асырылды.

Жобаның нәтижесінде цифрлық теңге тұжырымдамасының технологиялық өткізімділігі туралы гипотезалар расталды және одан әрі дамыту үшін мәселелер мен міндеттер тізімі анықталды. Сонымен қатар, цифрлық теңгенің экономикаға, қаржылық тұрақтылыққа және ақша-кредит саясатына әсерін бағалаудың бастапқы моделі мен реттеудің ықтимал тәсілдері әзірленді.

Жұмыстардың толық сипаттамасы 2021 жылғы Цифрлық теңге бойынша баяндамада қолжетімді. 

 

2022 жылы шешім қабылдау моделін әзірлеу

 

2022 жылы Ұлттық Банк цифрлық теңгені енгізу мүмкіндігінің пайдасы мен шығындарын зерттеуді жалғастырды. Платформаның технологиялық функционалдығын кеңейту және сандық экономикалық зерттеулер жүргізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қаржы нарығына қатысушыларды және басқа да мүдделі тараптарды кеңінен тарту мақсатында 2022 жылы маусымда Қазақстанда ұлттық цифрлық валютаны енгізу мәселелерін бірлесіп зерттеу үшін барлық мүдделі тараптарды біріктіретін Digital Tenge Hub коллаборативті алаңы іске қосылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Ұлттық Банк цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы ұсынылатын шешімді әзірлеу үшін және кешенді зерттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық цифрлық валютаны ықтимал енгізуден түсетін пайда мен шығасыларды айқындау мақсатында цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделін әзірледі.

Модельде халықаралық ұйымдар ұсынған құралдарды, сондай-ақ шетелдік реттеушілердің тәсілдері ескеріледі. Модельде цифрлық теңге дизайнының технологиялық іске асырылуын, әлеуетті экономикалық пайдалар мен шығындарды, жүйені реттеу мүмкіндіктерін, сондай-ақ экожүйенің даму әлеуетін бағалау бойынша зерттеулер қамтылған.

Модель құрылымында ОБЦВ-н енгізудің аспектілері инновациялық жобаларды бағалаудың әртүрлі құралдарын қолдана отырып зерттеледі: пилоттық жобаның көмегімен эксперименттік бағалау, экономикалық модельдеу, нарықпен талқылаулар сериясы, басқа жобалардың нәтижелерін талдау және т. б.

Көрсетілген тәсілдер қандай да бір шешімдердің негіздемелерімен, олардың түйінді қағидаттарына сәйкестігін тексерумен (атап айтқанда – болжанатын экожүйе аясында іскерлік айналымға қатысушылар арасындағы нарықтық және ынтымақтастық қағидаты) егжей-тегжейлі логикалық құрылым құруға, сондай-ақ технология, экономика, қатысушылардың өзара іс-қимылы және реттеу бөлінісінде тіршілікке қабілеттілікке таңдап алынған тәсілдерді тестілеуге бағытталған.

Модель құрылымы сұрақтар мен талдау критерийлерін төрт блокқа логикалық түрде топтастырады:

  • цифрлық теңге архитектурасының дизайнын анықтайтын негізгі параметрлер;
  • архитектурасы және экономикалық мәселелерді ескере отырып, цифрлық теңгенің дизайнын айқындау;
  • таңдалған цифрлық теңге дизайнының өміршеңдігін бағалау;
  • тұжырымдамалық операциялық және реттеуші модельдерді талдау.

Шешім қабылдау моделімен толығырақ мына жерден танысуға болады.

 

2022 жылғы зерттеулер нәтижесі

 

             1. Нарық қатысушыларымен ынтымақтастықта нақты тұтынушылармен және сауда-қызметтік кәсіпорындармен цифрлық теңге платформасын тестілеу сәтті өтті. Бағдарламалану мүмкіндігін және офлайн транзакциялар тізбегін көрсетуді қоса алғанда цифрлық теңгенің бүкіл өмірлік циклі сыналды.

            2. Экономикалық модельдеу нәтижесі бойынша ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық және жалпы экономика үшін тәуекелдердің жоқтығы туралы қорытындылар жасалды. Өкілдік сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 60%-ы цифрлық теңгені пайдалануға дайын екенін жеткізді.

           3. Digital Tenge Hub бірлескен алаңы іске қосылды, оның негізінде барлық мүдделі тараппен бірқатар талқылау мен дизайн-сессиясы өткізілді. Digital Tenge Ideathon өткізілді.

           4. Цифрлық теңгені енгізудің реттеуші аспектілеріне талдау жүргізілді, экожүйені дамыту бойынша тәсілдер әзірленді.

ЦТ енгізу қажеттілігі туралы зерттеу нәтижелері 2022 жылғы баяндамада баяндалған.

 

I кезеңді жүзеге асыру 2023

 

Енгізудің бірінші кезеңі 2023 жылы жүзеге асырылды – дәл сол кезде цифрлық теңге Екінші деңгейдегі банктермен және халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ күштерімен тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

2023 жылы Алматы қаласы әкімдігімен және «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылған Алматы қаласы мектептерінің бірінде тегін мектептік тамақтану бойынша «цифрлық ваучерлер» пилоттық жобасы іске асырылды. Сонымен қатар, Visa және Mastercard, сондай-ақ 4 ЕДБ (Қазақстан Халық Банкі, Altyn Bank, Центркредит банкі, Еуразиялық Банк) бірлесіп цифрлық теңгедегі цифрлық шотқа байланған әлемдегі алғашқы банк карталары іске қосылды.

 

Жеке эксперименттік контурда нарыққа қатысушылардың инновациялық сценарийлері, трансшекаралық төлемдер және цифрлық теңгемен қамтамасыз етілген тұрақтандырғыштарды шығару сыналды.

 

Екі пилот шеңберінде эмиссиядан, таратудан, жұмсаудан, триггер бойынша төлемді орындаудан бастап өтеуге дейінгі цифрлық теңгені бүкіл өмірлік циклі көрсетілді.

Алынған нәтижелер жалпы ОБЦВ-ның, атап айтқанда, іргелі жаңа қасиеттері бар инновациялық төлем құралы ретінде үлкен әлеуетін көрсетті.

2023 жылғы ЦТ енгізудің бірінші кезеңін іске асыру нәтижелерімен мына жерден танысуға болады.

 

II кезеңді жүзеге асыру 2024

 

Ұлттық цифрлық валютаны енгізудің екінші кезеңі шеңберінде цифрлық теңгенің бағдарламалану технологиясы мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландырылатын жобалар шеңберінде сынақтан өтті. Осыған байланысты, 2024 жылы цифрлық теңге платформасының функционалдығын кеңейту және оның функционалдық және функционалдық емес сипаттамаларын жақсарту бойынша жұмыстар іске асырылды.

 

Сондай-ақ жоба көтерме және бөлшек төлемдер үшін пайдаланудың жаңа сценарийлерін іске асыру арқылы платформаның функционалдығын одан әрі дамытуды, болашақта цифрлық теңге қасиеттерін қолданудың әлеуетті салаларын зерттеуді, сондай-ақ қатысушылар санын кеңейтуді және платформаның техникалық параметрлерін жетілдіруді қамтиды.

 

2025 жылдың соңына дейін Жүйені өнеркәсіптік контурға енгізу мерзімдері туралы шешім қабылданатын болады.