Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) және Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы «Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту туралы» жыл сайынғы есепті жариялады. Құжатта ҰЦҚИ-дың өткен жылғы жұмысының қорытындысы шығарылып, болашаққа арналған стратегиялық мақсаттар айқындалған.
Инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттары:
2024 жылы ҰЦҚИ-ды дамытудың негізгі бағыты төлем инфрақұрылымының жаңа элементтерін құру, сондай-ақ нарыққа қатысушылар арасында қауіпсіз және ашық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін қолданыстағы инфрақұрылымды дамыту болды.
Төлем карточкаларының банкаралық жүйесін, Open API және Антифрод-орталығын іске қосу қаржылық инклюзияны (қолжетімділікті) нығайтты, қауіпсіздік деңгейін арттырды және елішілік операциялардың егемендігін нығайтты.
Қазіргі уақытта ҚҰБ инфрақұрылымы тәулігіне 5,9 трлн теңге сомасына 350 000-нан астам транзакцияны өңдейді және айына 2,5 млн-нан астам цифрлық сәйкестендіру жүргізеді.
Бұдан басқа, 2024 жылы «Цифрлық теңге» жобасының екінші кезеңі шеңберінде мемлекеттік және бағдарламаланатын төлемдерде цифрлық валютаны пайдаланудың жаңа сценарийлері сынақтан өткізілді, сондай-ақ ел экономикасына толық көлемде енгізу үшін негіз қаланды.
ҰЦҚИ нарықтың барлық қатысушылары үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, икемді, орнықты және бәсекеге қабілетті қаржы жүйесін құруға ықпал ететін стратегиялық жоба болып табылады. Айта кетейік, ҰЦҚИ операторы ҚҰБ Ұлттық төлем корпорациясы болып табылады.