ҚР Ұлттық Банкі мен ҚХР Мемлекеттік банкі арасындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы кіші комитетінің XIII отырысы барысында Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы басқармасының төрағасы Жанар Самаева қытайлық серіктестерге трансшекаралық QR-төлемдер мен Цифрлық теңгені дамыту жөніндегі бастамаларды таныстырды.
Отырыста атап өтілгендей, Қазақстан мен Қытай трансшекаралық операцияларға цифрлық валюталарды енгізу, оффлайн-төлемдерді дамыту және автоматтандырылған есеп айырысулар мен цифрлық қаржы активтері сияқты бизнес-сценарийлерде ұлттық цифрлық валюталарды пайдалану бойынша тәжірибе алмасу перспективаларын қарастыруда.
«Осы бағыттардағы бірлескен жұмыс халықаралық есеп айырысулардың тиімді және қауіпсіз тетіктерін құруға, экономикалық байланыстарды нығайтуға және екі елдің қаржы жүйелерінің цифрлық трансформациясын жеделдетуге көмектеседі», — деп белгіледі Ж. Самаева.
Трансшекаралық QR-кодтарды пайдалану төлемдерді жеделдетуге және қаржы қызметтеріне қол жеткізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді, әсіресе туристер мен кәсіпкерлер үшін. Қазақстан қазірдің өзінде банктер арасындағы әмбебаптық пен үйлесімділікті қамтамасыз ететін банкаралық QR-төлемдер жүйесін іске асыруда. 2025 жылға қарай барлық екінші деңгейлі банктердің осы жүйеге толық қосылуы күтілуде, бұл пайдаланушыларға ыңғайлылықты айтарлықтай арттырады. Цифрлық төлемдер саласындағы қытайлық тәжірибе жобаны одан әрі дамыту үшін құнды ресурс бола алады.
Ынтымақтастықтың тағы бір негізгі бағыты орталық банктердің цифрлық валюталарын зерделеу болды. Қытай өз төлемдерінде оффлайн-транзакцияларды қолдайтын және бағдарламалаушылық функциясына ие цифрлық юаньды ел ішінде табысты қолдануда. Қазақстан Ұлттық Банкі де 2021 жылдан бастап тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген цифрлық теңге бойынша жұмыс жүргізуде, ал 2024 жылы оны мемлекеттік төлемдерде пайдаланудың алғашқы сценарийлері іске асырылды.
Бұл жобалар бірлесіп жүзеге асырылған кезде екі ел арасындағы қаржылық операцияларды жеңілдетіп, бизнес пен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) — қазіргі заманғы және қауіпсіз төлем экожүйесін дамыту үшін құрылған ҚР Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы. Күн сайын ҰТК арқылы 350 мыңнан астам транзакция өңделеді. Корпорацияның негізгі қызметі — қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша клирингті қамтамасыз ету. Сондай-ақ, ҰТК қаржылық тұрақтылықты нығайтуға және төлем саласын инновациялық дамытуға бағытталған Цифрлық теңге, антифрод-жүйелер және ашық банкинг жобаларын іске асырады.